Никотин дегеніміз не және ол неліктен тәуелділік тудырады?

Никотин дегеніміз не және ол неліктен тәуелділік тудырады?

Темекінің зияны туралы айтылғанда, көбіне никотин еске алынады. Бірақ никотин дегеніміз не?

Никотин — темекі жапырақтарының құрамында болатын табиғи алкалоид. Өсімдік үшін ол жәндіктерден қорғану қызметін атқарса, адам ағзасы үшін жүйке жүйесіне әсер ететін психобелсенді зат болып табылады.

❓ Никотин ағзаға қалай түседі?
Темекі түтінін немесе электрондық темекінің аэрозолін жұтқан кезде никотин өкпе арқылы тез сіңіп, 10-20 секунд ішінде миға жетеді.

🧠 Мида не болады?
Мида никотин жүйке жасушаларының бетіндегі никотиндік ацетилхолин рецепторларымен байланысады. Қалыпты жағдайда бұл рецепторлар ағзаның өз нейромедиаторы — ацетилхолинмен белсендіріледі.
Соның нәтижесінде бірнеше нейромедиатор бөлінеді. Солардың бірі — дофамин, ол ләззат сезімін тудырып, тәуелділіктің қалыптасуында маңызды рөл атқарады.

😵‍💫 Тәуелділік қалай қалыптасады?
Никотин ағзаға тұрақты түрде түскенде ми біртіндеп оған бейімделеді:
— рецепторлардың сезімталдығы төмендейді
— олардың саны көбейеді
— бұрынғы әсерге жету үшін никотиннің жаңа дозасы қажет болады.
Никотин түсуі тоқтаған кезде ашушаңдық, мазасыздық, зейіннің төмендеуі, көңіл күйдің нашарлауы және темекі шегуге деген қатты құмарлық сияқты тоқтату белгілері пайда болады.

⚠️ Есте сақтаңыз
Никотин тәуелділік тудырады, алайда денсаулыққа негізгі зиян темекі түтінінің құрамындағы мыңдаған уытты химиялық заттармен байланысты. Денсаулыққа ауыр зардаптарды, соның ішінде өкпенің созылмалы обструктивті ауруын (ӨСОА), қатерлі ісікті және басқа да ауруларды никотиннің өзі емес, дәл осы уытты химиялық қоспалар тудырады.

💙 Егер темекіні тастауды шешсеңіз, бұл қиындықпен жалғыз күресудің қажеті жоқ. Қазақстанда темекіден бас тартуға көмек көрсететін арнайы орталықтар жұмыс істейді. Онда кеңес алып, темекіні тастауға қажетті көмекке жүгіне аласыз. Мұндай мүмкіндік туралы өзіңіз тіркелген емханадан біле алуға болады.